Background
Logo

5-ШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ: КӨКПАРДАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН АШЫҚ ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗДІ

29 тамыз күні, көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін алаңда БАҚ өкілдері үшін арнайы жаттығу өткізді. Бұл шараның басты мақсаты – құрама мүшелерінің физикалық және тактикалық дайындық деңгейін көрсету, сондай-ақ БАҚ өкілдерімен тікелей байланыс орнату.

Ашық жаттығу барысында ұлттық құрама негізгі жаттығудан бөлек, көкпар ойнап, өздерінің дайындығын жан-жақты таныстырды.

Көкпардан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ақылбай Манкеев дайындық барысы жоспар бойынша жүріп жатқанын, көшпенділер ойындарына құрамның толық дайын екенін жеткізді.

- Ұлттық құрама қазіргі таңда күнделікті жаттығулар мен арнайы дайындық бағдарламаларын жүргізіп жатыр. Тамыз айының 23-нен бастап осы алаңда 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдындағы қорытынды оқу-жаттығу жиынымызды өткізіп жатырмыз. Бұл жаттығу олардың дайындық деңгейін арттыруға және алдағы ойындарымызға психологиялық тұрғыдан дайын болуға үлкен септігін тигізеді. Біздің басты мақсатымыз — Қазақстанның намысын жоғары деңгейде қорғап, алдағы ойында алтын медальді жеңіп алу. Құрама мүшелері бұл мақсатқа жету үшін барын салуда. Дайындық кезеңі қарқынды өтіп жатыр, ойыншыларымыздың физикалық дайындығы жақсы деңгейде, ал тактикалық тұрғыдан біз жаңа әдіс-тәсілдерді енгізудеміз», — деді бас бапкер.

Сонымен қатар, Ақылбай Манкеев көшпенділер ойындарына қатысатын басқа елдердің құрамаларын да зерттеп, әрқайсысына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

- Біз әрбір қарсыласымызды мұқият зерттеп, олардың ойын тәсілдерін талдаудамыз.

Әр ойынның тактикасын егжей-тегжейлі жоспарлап, дайындық барысында оны сынап көріп жатырмыз», — деп толықтырды ол.

Бас жаттықтырушының шешімімен 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын көкпардан 12 шабандоз, көкбөрі спортынан 12 шабандоз қорғайды.

Еске сала кетейік, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары ел астанасында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Көкпар мен көкбөрі ойыны «Қазанат» атшабарында өтпек.


Logo

Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 6/1, «Каскад» бизнес кешені

Телефондар: +7 (7172) 738301, 738302 E-mail: info@ktf.kz

Материалдарды пайдаланған кезде міндетті түрде сайтқа сілтеме жасау қажет.